Шараға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нұржан Әлтаев, Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаментінің директоры Нүркен Тілеуов, Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Ерлан Саиров, «BI Holding» ЖШС Басқарма төрағасының қаржы жөніндегі орынбасары Қайрат Шаяхметов қатысты.
«Бүгінгі таңда ЭЕБ порталында 35 мыңға жуық бос жұмыс орны, сондай-ақ жұмыс берушілерден, жұмыспен қамту орталығынан, жеке агенттіктерден және жұмыс іздеушілерден 70 мыңға жуық түйіндеме орналастырылды. Электронды еңбек биржасының қызметіне 41 мың жұмыс беруші, 133 мың жұмыс іздеуші жүгінген. ЭЕБ арқылы 112 мың жұмыс іздеуші жұмысқа тартылды.
2018 жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында Электронды еңбек биржасына жеке жұмыспен қамту агенттігімен 5 398 бос жұмыс орны орналастырылды. ЭЕБ порталындағы «кері байланыс тәртібі» бөлімінде әрбір азамат техникалық мәселелер бойынша тиісті мамандармен байланысып, өздеріне қажетті ақпараттарды ала алады. Өткен жылдың бір айында порталға кірушілер саны 141,4 мыңнан асып жығылса, бір айда қарау саны 2,5 млн-ға жетті», деді ол.
Сондай-ақ, вице-министр 2008 жылдан бері Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын өткізіп келе жатқан «Парыз» сыйлығы жайына кеңірек тоқталды. Н.Әлтаевтың айтуынша, бұл тек айтулы марапат қана емес, сондай-ақ бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бағдарламасы мен жоспарын ойдағыдай іске асыру үшін таптырмас мүмкіндік. Конкурсты жүргізу барысында 4,5 мыңға жуық шағын кәсіпорын, орта және ірі бизнес өкілдері қатысуға ниет білдірген.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»